Айналым қаражаты

Айналым қаражаты — кәсіпорындар мен шаруашылық ұйымдарының өндіріс циклі барысында толық пайдаланылатын қаражатының бір бөлігі.

Оған ақшамен бағаланған материал, шикізат, отын, энергия т.б. қажетті заттар жатады. Ол сонымен қатар аяқталмаған өндірісті жалғастыру үшін, дайын өнім қорын жасау үшін де жұмсалады. Айналым қаражатының бір бөлігі өндіріс саласында, екінші бөлігі айналымға түседі. Күнделікті өндіріс жағдайында оның бір бөлігі материалдық заттар қорына айналса, тағы бір бөлігі банк есепшотында, кәсіпорын кассасында жинақталады. Құрылым барысына қарай айналым қаражаты кәсіпорынның меншікті қаржысы мен несие қаржысы (банктен уақытша қажетті өтеу үшін алған) болып бөлінеді. Айналым қаражаты кәсіпорынның пайдасы есебінен өсіп отырады. Оны пайдалануды жақсарту, айналымын жеделдету өндіріс тиімділігін арттырудың басты факторларының бірі.
Өндірістік қорлардың ауыспалы айналымының кез келген кезеңінде айналым қаражаты жетпей қалса онда өндірістің үздіксіз өнім шығаруы бұзылады. Қазақстанда 90-жылдары өнеркәсіп салаларына экономикалық шетелдік инвестициялардың мол тартылуы кәсіпорындардың айналым қаражаты тұрақтандыруға, игеруге жағдай жасады.[1]

Сілтемелер

өңдеу
  1. Қазақ энциклопедиясы, 1-том