Аяқсыз қосмекенділер

Аяқсыз қосмекенділер (лат. Apoda, Gymnophіona) – қосмекенділер класының отряды; топырақта тіршілік етуіне сәйкес аяқтары жойылғандықтан аяқсыз қосмекенділер деп аталған.[1]

Siphonops annulatus

Аяқсыз қосмекенділердің 3 тұқымдасының 170-ке жуық түрі Африка, Азия, Американың ылғалды тропиктік аймақтарының өзен-көл жағалауындағы ылғалы мол топырақ арасында тіршілік етеді. Дене пішіні ұзынша, жыланға ұқсас, ұзындығы 30 – 120 см, жер астында ін қазып тіршілік етуге бейімделген. Денесі сақина тәрізді қатпарлардан (400-ге дейін) тұрады, терісі жалаңаш әрі безді келеді. Омыртқасының саны 200 – 300-ге жетеді, қабырғалары, құйрығы қысқа болады. Басы денесімен тұтасып кеткен. Дабыл жарғағы, ортаңғы құлағы, көзі болмайды. Басында өскін түрінде қармалаушысы болады. Иіс сезуі жақсы дамыған. Құрлықта тіршілік етуіне сәйкес іштей ұрықтанады. Олар 5 – 30 жұмыртқа салып, кей түрі тірідей туып көбейеді. Кейбір түрінің (балықжылан, т.б.) денесі ұсақ сүйекті қабыршақтармен қапталған. Топырақ ішіндегі омыртқасыз жәндіктермен қоректенеді.[2]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007. - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3
  2. Қазақ энциклопедиясы