1.Аға — орта ғасырдағы түркі мемлекеттеріндегі әскери атақ. 15-17 ғасырларда Түркия янычарлар корпусының қолбасшылары аға деп аталған. Ауыз әдебиетінің деректері мұндай қолбасылық дәреже осы кезде қалыптасқан Ноғайлы Ордасында, Қырым хандығында, Қазақ хандығында да болғанын көрсетеді. Қазақ тілінде “қол ағалық” сөз тіркесі аға сөзінің әскербасы мағынасын көрсетеді. Биік әскери дәрежені көрсететін аға сөзі шығыста хан сарайларындағы “есік ағасы”, “есік ағасыбасы”, “шора ағасы” дәрежелерінде де сақталған. Өзінің толғауында айтылғандай Доспамбет жырау Аймадетұлы аға дәрежесіндегі әскербасы болған. аға дәрежесі әмір, бек дәрежесімен тең болғанға ұқсайды. Кейін аға сөзі жалпы басшы, жетекші, ақылшы мағынасында қолданыла бастады. Мысалы, “елағасы”, “отағасы” деген сөздерде.[1]

2.Адамның жас жағынан үлкен бауыры, ер адам. Кез келген жасы үлкен ақылшы, жетекші ер адамдарды да аға деп атай береді.[2]

3.Қызмет, шен, лауазым дәрежесін көрсететін ұғым (аға лейтенант, аға ғылыми қызметкер, аға сұлтан т. б.).[3]

4.Аға - бірге туған, туысқан, ағайынды, аталас, рулас ер адамдардың патролиния (әке) жағынан жасы үлкені. Ана жағынан (матрилиния) туысса, бұл атауға нағашы сөзі қосылып, нағашы аға деп айтылады. Аға ұғымы жалпылама мәнде жұмсалғанмен, оны айтушы «эго» бірге туган аға, туысқан аға, аталас аға, рулас аға дегендерді ретімен қандық жағынан алыс-жақындығына қарай ажыратады. Сондай-ақ дәстүрлі ортада туыстық байланысы болмаса да өзінен жасы үлкен ер адамның барлығын аға тұту моральдық- этикалық нормалардың қатарынан орын алған.

Дәстүрлі қазақ қоғамында елеулі орын алатын аға мен іні сыйластығы - этностың қорғаныс механизмінің қалыпты, әрі ырғақты қызмет атқаруын қамтамасыз ететін әдеп нормалары және моральдық құндылықтар қатарында ағаның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі. Қазақ тәрбиесінде інінің қашан да өзінен жасы үлкен ағасын сыйлап, ақылын тыңдап, әдепті ілтипатты, ізетті болуы талап етіледі. Ағасы болса інісіне көмектесіп, қамқорлық көрсетіп жүреді. Ағалы-інілі адамдардың арасындағы қатынастың мұндай әлеуметтік ерекше мәні 'ағасы бардың жағасы бар, ағa бардың тынысы бар; Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без, аға тұрып, іні сөйлегеннен без'; 'Ағаға қарап іні өсер, апаға қарап сіңілі өсер'; 'ағаның үйі ақжайлау'; 'Жеңім жаман болса да, жағам жақсы, өзім жаман болсам да, ағам жақсы'; 'Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол' т.б. мақал-мәтелдерден де аңғарылады. Бұл мақалдар туысқандар арасындағы өнегелі қарым-қатынасты, үлкенді-кішілі адамдардың өзара сыйластығы, қайырымдылық пен адалдығының нормалары тәрізді. аға - жасы кішілер үшін айбар, қорған, сүйеніш әрі мақтаныш. Қазақта өзінен үлкен деп сыйлап, құрметтеуге байланысты аға тұтты деп айту қалыптасқан. Әдеп (этикет) бойынша өзінің туған ағасына немесе ағасымен тұстас, жақсы көретін адамын құрметтеу мәнінде аға, ағажан, ағажай, ағатай сияқты атауыш қаратпалар қолданылады. Сондай-ақ, әпкелерінің, тіпті шешесінің де отбасылық үрдісте қалыптасқан ахуал бойынша аға атап кететін жайт, және ағаны тәте деп те атайтын жергілікті ерекшеліктер ұшырасады.[4]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  2. Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы, 2010
  3. Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялык шолу). Алматы: Ғылым. 1973
  4. Абрамзон С.М. К вопросу о патриархальной семье у кочевников Средней Азии // КСИЭ АН КСРО. Вып.28. М.: Наука. 1957

Тағы қараңыз

өңдеу
Туыстық қатынастар
Санат:Отбасы

КүйеуӘйелӘкеАнаАтаӘжеБауырҚарындасӨгей ағаБалаҚызӨгей ұлӨгей қызАғаТәтеҚайын атаҚайын енеКіндік әкеКіндік шеше