Иіс, иіс сезімі, иіс түйсігі – адамның және жануарлардың иіс органдары арқылы сезу процесі.

Иіс сезіммен беріліп отырады. Заттың иісі мұрынға, танауға тартылған ауамен бірге, ал ауыздағы тағам иісі көмей алдындағы таңдай тесігінен өтіп, кеңсірік ішіндегі кілегей қабықтың таяқша тәрізді клеткаларындағы сезу рецепторларына әсер етеді. Әдетте, тыныс алу кезінде иіс аз сезіледі де, ауаны күштірек тартқанда (иіскегенде) көбірек білінеді. Адам әр түрлі иісті едәуір ажырата алады және бұл адамның тұрмыс-салтына, кәсібіне қарай ерекше дамиды. Адамның иіс сезу қабілетін жаттықтыруға, күшейтуге болады. Мысалы, тәтті тағам, шарап, темекі, парфюмерия өнеркәсіптеріндегі иіс талдаушы мамандар иісті жақсы ажыратады. Иіс сезімінің адамның сыртқы дүниені тануында, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің сапасын анықтауда маңызы зор. Иіс адамның көңіл күйіне, жалпы мінез-құлқына жағымды (қолайлы), не жағымсыз (қолайсыз) әсер етеді. Мысалы, жұпар иісті заттар адамның көңілін сергітсе, шылым түтіні, газ иісі басты ауыртады, көңіл-күйді төмендетіп, адам селқостанады, жүрегі айниды. Иіс сезімі соқыр, мылқау, керең адамдарда ерекше жетілген. Иіс сезімі температура ауытқуына, ауа ылғалдылығына, орт. жүйке жүйесі жағдайына, түрлі ауруларға байланысты өзгереді. Сүтқоректілердің иіс сезімін үш түрге бөледі: макросоматикалылар – иісті күшті сезетіндер (сүтқоректілердің көпшілігі, әсіресе, жыртқыштар, тұяқтылар); микросоматикалылар – иісті нашар сезетіндер (мысалы, ескекаяқтылар, тіссіз киттер, приматтар) және аносоматикалылар – иіс сезбейтіндер (мысалы, тісті киттер, дельфиндер). Иіс сезімі, әсіресе, жәндіктерде жақсы дамыған, себебі, олар тозаңмен қоректенетіндіктен және кейбір гүлдер (мысалы, орхидея, т.б.) жәндіктер арқылы тозаңданатындықтан гүл иісін сезудің маңызы зор. Организмнің иіс газымен улануы – иіс тию деп аталады. Иіс газы өндіріс орындарында, үйде отынның толық жанбауынан, яғни оған (жану процесіне) ауа толық түспегендіктен пайда болады. Газ плитасын дұрыс пайдаланбаса, пештегі отын (көмір, тезек, ағаш, т.б.) әбден жанбай, мұржаны ерте жапса, үй ішінде улы газ жиналып, адамға иіс тиеді. Мұндай жағдай жеңіл автомобиль ішінде де, егер есік, терезе толығынан жабылып, кабина іші жасанды жылытқыштармен жылытылса да (мысалы, қозғалтқыш өшпей, оталып тұрса) байқалады. Бұл – адам өміріне өте қауіпті. Егер иіс тию жеңіл болса адамның басы ауырады, құлағы шыңылдайды, екі шекенің тамырлары қатты соғып, бас айналады. Сондай-ақ, көзі қарауытады, лоқсиды, құсады, ентігіп тыныс алуы нашарлайды. Егер иіс көбірек тисе, жоғарыда айтылған белгілерге қосымша адамның қол-аяғы құрысып, сіңірлері тартылып, есінен айырылады. Адам мас сияқты бейжай күйде жатқандай сезінеді. Бұл жағдайлар адам организмінің толық уланып, тыныс алуы қиындап, жүрек соғысының тоқталуына әкеледі.

Емі: иіс тиген адамды дереу таза ауаға шығарып, салқын су бүркіп, мүсәтір спиртін иіскетеді. Егер адамның тыныс алуы нашарласа, тез арада сыртқы киімдерін шешіп, қолдан жедел дәрігерлік көмек көрсету керек. Оттекпен де тыныс алдыру пайдалы. Организмнен уды тез шығару үшін көп мөлшерде сұйық ішкізіп, жылы ұстап, терлеткен пайдалы.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ тілі терминдер сөздігі I том
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Odor-Olfactometry-Deodorization