Маханджо-Даро

Мохенджо-Даро (синдхи тілінде — әруақтар төбесі) — ежелгі Хараппа өркениетінің орны. Әлемдік тарихтағы ең көне қала мәдениеттерінің бірі, іргесі б.з.д. 3 — 2-мыңжылдықта қаланған. Мохенджо-Дароның орны Пәкістан жерінде, Инд өзеннің бойында. Хараппадан оңтүстік-шығысқа қарай 644 км жерде. Жалпы аум. 259 га. Ғимараттар тік төртбұрышты. Алғаш 1922 ж. үнді археологтар Р. Д. Банерджи ашты. Кейіннен Дж. Маршалл, Н. Маджумдар, Э. Маккес, М. Ватс, М. Уилер басқарған экспед-лар зерттеді. Қаланың цитаделі екі төбеден тұрады.

Археологтар қазып алған Мохенджо-Даро қалдықтары
Мохенджо-Дародағы діни қызметкердің мүсіні
Үлкені 2 ғасырда салынған будда храмының атымен ступа деп аталады. Мұнда күрделі де еңселі ғимараттар көп. Оларға үлкен монша, астық қоймасы, оқу ғимараты, жиналыс сарайы секілді құрылыс орындары жатады. Билеушілер мен ақсүйектердің үйлері де осында.
Еңсесі едәуір төмен қарапайым тұрғын үйлерден тұратын екінші бөлік төм. қабат деген атқа ие болған.

Бұлардың екеуі де күйдірілмеген кірпіштерден салынған тұғырдың (платформаның) үстіне тұрғызылған.

Цитадель тұғырының биікт. 13 м. Сол тұғырдың көпшілік бөлігі қазір су астында қалған. Кейбір ғалымдар тұғыр қаланы су алып кетпеу үшін салынған десе, кейбірі цитаделде өтетін маңызды да салтанатты шаралар төм. қалаға көркем сипат беріп тұру үшін салынған дейді. Мохенджо-Дародағы қазіргі қазба жұмыстары алдыңғы қазылған жерлерді қалпына келтіру, сақтау мақсатына бағытталған. Мохенджо-Дарода жүргізілген қазбалар нәтижесі Инд өңірінде қала өркениеті деңгейінен құнды мағлұматтар береді. Мохенджо-Даро мен Хараппа қалаларында, Калибанган, Лотхал және Дхолавир қоныстарында жүргізілген қазбалар ежелгі Үнді мемлекеті мен өркениеті жайлы ғыл. түсініктерді кеңейтті. Жер асты суларының көтерілуіне байланысты Мохенджо-Дародағы қазба жұмыстары б.з.д. 2300—1750 жылдардағы қабатқа дейін ғана жеткен[1].

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ Энциклопедиясы

Әдебиеттер

өңдеу