Юрий Данилович

Юрий Данилович (туған жылы белгісіз – 21.11.1325) – Мәскеу қаласы (1303 – 25) мен Владимирдің ұлы князі (1317 – 25). Мәскеу князі Даниил Александровичтің ұлы, Александр Невскийдің немересі. Билікке келісімен Мәскеу князьдігіне Можайск мен басқа да аумақтарды қосып алды. Митрополит Петрдің қолдауымен ұлы князь тағы үшін Тверь князі Михаил Ярославичпен күрес жүргізді. 1314 ж. Тверьге қарсы Новгородпен одақ жасасты. Алтын Ордада 2 жылдай тұрып, Өзбек ханның қарындасына үйленген соң, ұлы князьдікке жарлық алды. Бірақ князь Михаилмен болған шайқаста жеңіліп, Новгородқа, одан кейін Алтын Ордаға қашты. Өзбек ханның көмегімен 1318 ж. өз бәсекелесін өлтіруге қол жеткізді. 1322 ж. новгородтықтардың Швецияға жасаған жорығын басқарып, 1323 ж. шведтермен Орехов бітімін жасады. Алтын Ордаға қайтқан кезінде Тверь князі Дмитрий Михайловичтің қолынан қаза тапты.

[1] [2]

Дереккөздер:

өңдеу
  1. Қазақ энциклопедиясы, 10 - том
  2. Черепнин Л.В., Образование Русского централизованного государства в XІV – XV вв., М., 1960.