Жетіқарақшы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Жетіқарақшы (шоқжұлдыз) бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Түнгі Жетіқарақшы
Жетіқарақшы
Жетіқарақшы

Жетіқарақшы — аспанның Солтүстік жартышарындағы Үлкен Аю шоқжұлдызының ең жарық жеті жұлдызы. Аталған жеті жұлдыз шөміш пішінді иіліп солтүстік аспаннан өте анық көрінеді және ол Темірқазық жұлдызын жердің өз өсінде айналуына орай әр күні айналып жүргендей көрінеді. Жетіқарақшының жеті жұлдызының ішінде 1,8 жұлдыздық шамаға дейін жалтырап көрінетін ең жарық жұлдыз – Ырық (Алиот) пен Күш (Дубхе) есептеледі. Және оның шеткі екі жұлдызы (ε және α) бойынша Темірқазық жұлдызын табуға болады. Жетіқарақшы астеризмінің төңірегінде көптеген галактикалар мен планетарлық тұмандықтар бар. Ең жақын галактика мен Жердің арақашықтығы 70 млн. жарық жылын құрайды.

150 000 жылдағы Жетіқарақшы өзгерісі

Жетіқарақшыдағы Жерден ең қашық орналасқан жұлдыз — Күш жұлдызы (Дубхе, 124 ж.ж.), ал ең жақын орналасқаны — Ерік жұлдызы (Мицар, 78 ж.ж.).

Қазақы түсінік

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Темірқазық және жетіқарақшы

Түнгі күзеті көп мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ халқы түні бойы батпай Темірқазықты айнала қозғалатын Жетіқарақшыны Жер тараптары мен түн мезгілдерін айыруда жиі пайдаланған. Жетіқарақшының ең жақсы көрінетін айлары — наурыз, сәуір айлары. Жетіқарақшы республиканың барлық аумағынан айқын көрінеді. Қазақтардың нанымы бойынша Жетіқарақшы күндіз ұрлық жасап, түнде күнәсін мойындаған жеті ұрының жаны, сондықтан олар өлгеннен кейін жеті жұлдызға айналып кетіпті-міс.

Жетіқарақшы мен Темірқазық (Аляска (АҚШ) штатының туы)

Қазақ ертегілері бойынша Жетіқарақшы және Темірқазыққа қатысты екі ертегі сақталған.

Біріншісі: Тәңірі өз аттарын Темірқазыққа байлайды. Темірқазықтың қасындағы қос жарық жұлдыз сол Ақпоз ат пен Көкбоз ат есептеледі. Темірқазыққа арқандалған тұлпарларды ұрлау үшін жеті қарақшы жылқыны торуылдап, жайылған жылқының соңынан қуалап баспалап айналып жүреді. Бірақ әр күні таң атып кетіп олар қапы қалып отырады.

Екіншісі:Осыдан көп заман бұрын аспан әлемінде ағайынды жеті жігіт өмір сүріпті.Өздерінің ауызбіршілігі мықты, күшті, сотқарлықпен аты шығып жүріпті. Күндердің күнінде ағайындылардың бірі Үркер шоқжұлдызының Үлпілдек атты сұлу қызына ғашық болып, ұрлап кетіпті. Сол әрекетінен кейін оларды басқалар Жетіқарақшы атап кетіпті. Қыздарын қарақшылардан құтқарып алу үшін Үркеліктер әлі де Жетіқарақшыны қуып жүр екен дейді, жақындап қалғанда ылғи да таң атып қала береді екен. Қуып жеткенде олардың қырғын соғысынан ақырзаман болады дейді, аңыз. Ең жарқырап тұрғаны қарақшылардың атаманы, жанында көмескіленіп тұрғаны сол Үлпілдек ару екен. Шын мәнінде зер салып байқап қарасақ, Жетіқарақшының сабы жағынан қарасыңыз Екінші әлде үшінші жұлдыздың түбінен әлсіз жарықты жұлдызды көресіз. Одан соң аспан әлемінің екеуі екі қарама қарсы тұсынан туса да таң бозарғанда бір-біріне өте жақындап қалады,

Бәлкім көптеген халықтарда Жеті санының қастерлі болуы, әсіресе апта санауының жеті күнді негіз етуі осы жеті жұлдыздан құралған Жетіқарақшыға қатысты болса керек.

Мәдени сипаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Зевстің соғыс арбасы, 1876ж. Альфред шіркеуінде сақталған

Үнділердің мәдениеті бойынша Жетіқарақшы "Saptarshi" деп аталған, яғни, Жетіқарақшының жеті жұлдызы Үнділердің жеті әулиесіне өкілдік етеді деп есептеп, оны "жеті әулие" деген мағынада атаған.

Қытайлар оны "Солтүстік түкпірдің жеті жұлдызы" (běidǒu qīxīng) деп атаған.

Гомердің «Илиада» дастанында "Аюдайын бұл адамдар Жетіқарақшы" деген өлең жолдары кездеседі екен.[1]

Грек мифологиясы бойынша Зевс сүлу ару Каллистоны ханымы Гераның қызғанышынан құтқару үшін оны аюға айналдырып жіберген екен. (Кейбір аңыздар бойынша аюға айналдырушы Гера.) Бірақ Гера оны қуғындауын тоқтатпай әйел аңшы құдайы Артемидаға әлгі аюды атып алуды бұйырады. Сонымен Зевс Аюды ғарышқа шығарып жіберуге мәжбүр болады. Сөйтіп Үлкен Аю шоқжұлдызы пайда болады. Ал, Темірқазық сол шоқжұлдыздағы өте жарық жұлдыздардан құралып, шөміш пішінді әйгілегендіктен, дербес те қарастырыла береді.

Жетіқарақшы өзгерісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Үлкен аюға тән бес жұлдыз Үлкен аю шоқжұлдызы айналуымен бірге қозғалады. Екі шетіндегі Ерік (Дубхе) мен Дес (Алькаид) бұл шоқжұлдызға тән емес болғандықтан олар басқа бағытта қозғалады. Жетіқарақшының бүгінгі шөміш секілді пішіні ұзақ замандық өзгерістің жемісі. Жетіқарақшыны құраған жұлдыздардың қозғалыс ерекшелігі бойынша есептегенде, шамамен 50 000 жылдан кейін оның қазіргі пішіні толық өзгереді.

Жетіқарақшының жеті жұлдыздары Қазақтың халықтық түсінігінде атаулары бар: Дубхе (α Үлкен Аю), қазақша Күш; Мерак (β) — Жігер; Фекда (γ) — Қайрат; Мегрец (δ) — Қуат; Алиот (ε) — Ырық; Мицар (ζ) — Ерік. Шөміштің сабындағы соңғы жұлдызын Алькаид (η) - Дес деп атайды.[2]

Жұлдыз аты Қазақшасы Ағылшыншасы Байер жұлдыздық таңбасы Жарқырау шамасы арақашықтығы
жарық жылы
Дубхе Күш Dubhe α UMa 1.79 124
Мерак Жігер Merak β UMa 2.34 79
Фекда Қайрат Phecda γ UMa 2.41 84
Мегрец Қуат Megrez δ UMa 3.32 81
Алиот Ырық Alioth ε UMa 1.76 81
Мицар Ерік Mizar ζ UMa 2.23 78
Алькаид Дес Alkaid η UMa 1.85 101

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ ұлттық энциклопедиясы

  1. Homer Book XVII // The Iliad.
  2. https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/asyil_soz/34411/