Қозғалтқыш, мотор (лат. motor – қозғалысқа келтіретін) – белгілі бір энергия түрін механикалық жұмысқа түрлендіретін күш-қуат машинасы. Энергия механикалық жұмысқа қозғалтқыш тегіне (типіне) қарай қайталамалы-ілгерілемелі қозғалыстағы піспек (поршень), айналмалы қозғалыстағы ротор немесе реактивті қозғалыс тудыратын аппарат арқылы түрленеді. Оны жердегі, судағы, аспандағы, ғарыштағы көлік құралын қозғалысқа келтіру, өндірістің әр саласындағы жұмыс машинасын, тұрмыс техникасын, тағы да басқа іске қосу үшін қолданады. Қозғалтқыш бірінші реттік (бастауыш) және екінші реттік (қостауыш) болып бөлінеді. Бірінші реттік қозғалтқыш (бу, газ, жел қозғалтқыштары) табиғи энергетикалық ресурстарды (отын, су, жел энергиясын, ядролық энергияны) механикалық энергияға тікелей түрлендіреді. Оған жылу қозғалтқышы, бу қозғалтқышы, газ қозғалтқышы, жел қозғалтқышы, гидравликалық қозғалтқыш, тағы да басқа жатады. Олардың ішінде отын немесе атом энергиясын механикалық жұмысқа айналдыратын жылу қозғалтқышы ең басты топты құрайды. Ал екінші реттік қозғалтқыш бірінші реттік қозғалтқыш көмегімен алынған энергияны түрлендіреді. Олардың қатарына электрлік қозғалтқыштар, пневматикалық (сығылған ауаның қысымын пайдаланатын) қозғалтқыш, тағы да басқалары жатады. Жинақталған механикалық энергияны беретін құрылғылар да қозғалтқыш (инерциялық, серіппелі механизмдер) қатарына кіреді. Атқаратын қызметіне қарай қозғалтқышты орнықты, мобильді (көшпелі, жылжымалы) және көліктік қозғалтқыштар деп бөледі. Адамзат тарихындағы тұңғыш механикалық қозғалтқыш су дөңгелегі болды. Оны ертеде суландыру жүйесінде өзен-көлден су тартуға, кейін келе мануфактура өндірісінің күш құралы ретінде қолданды.

Жанармай деңгейінің датчигі (FLS) - бұл көлік құралының резервуарына орнатылған жанармай көлемін өлшейтін құрал. Құрылғының жұмыс принципі қалқыманың жұмысына ұқсас - контроллер жанармай деңгейін өлшейді және ағынның көрсеткіштерін құрал тақтасына жібереді. Сенсормен жазылған деректер басқару блогы арқылы түрлендіріледі және бақылау тақтасында аналогты немесе цифрлық құрылғы көмегімен көрсетіледі.

Жану қозғалтқышының төрт сатылы жұмыс циклы: * Интукция(Жанармай толтырылады) * Компрессия немесе сығылу. * Жану (Жанармай жанады). * Эмиссия (Сыртқа шығару)

Жел қозғалтқышы да ертеден белгілі болған. 18 ғасырдың орта шенінен өндірістің машиналы технологияға көше бастауына байланысты жергілікті қуат көзі – суға, желге, тағы да басқаға тәуелді бола бермейтін қозғалтқыш жасау қажеттігі туды. Осы кезде отын энергиясымен қазанда бу өндіріп, онымен жұмыс істейтін бірінші жылу қозғалтқышы – бу машинасы жасалды. 19 ғасырдың 2-жартысында жылу қозғалтқышының бу турбинасы және іштен жанатын қозғалтқыш (ІЖҚ) атты жаңа екі типі өмірге келді. Бу турбинасында бу энергиясын біліктің айналысына түрлендіру үшін бу машинасындағыдай кривошипті-шатунды (айналшақты-бұлғақты) механизмнің қажеті болмады. Бұл қозғалтқыш тарихындағы ірі техникалық жетістік еді. ІЖҚ да арзан мұнай өніміне көшіп, бу өндіретін ауыр да қолапайсыз бу қазанынсыз жұмыс істейтін болды. 19 ғасырдың аяғында карбюраторда жанғыш қоспа дайындап, оны қозғалтқыштың жану камерасында электро білтемен тұтататын ІЖҚ емес, сорған суық ауаны цилиндрде піспекпен қатты қысып қыздырып, оған сұйық отын бүркіп жағатын жаңа жылу қозғалтқышы (қ. Дизель) жасалынды. Нәтижесінде ІЖҚ-тың пайдалы әрекет коэффициенті өсті, үнемділігі артты, құралымы қарапайым да ықшам түрге келді. Бүгінгі күні көлік құралы түгелдей дерлік ІЖҚ-пен жарақталады. Жылу қозғалтқышы сияқты осы кезеңде гидравлик. қозғалтқыш, оның кең тараған түрі – гидравликалық турбина (гидротурбина) құралымы да ұдайы жетілдірілумен болды. Соның арқасында негізгі гидротурбинадан тұратын аса қуатты (600 МВт-қа дейін) гидроэнергетикалық агрегаттар жасалып, ірі-ірі су электр станциялары салына бастады. 19 ғасырдың аяғы және 20 ғасырдың басында электр энергиясын механикалық жұмысқа түрлендіргіш машина – электрлік қозғалтқыш (электр моторы), оның тұрақты токпен, айнымалы токпен жұмыс істейтін нұсқаларының пайда болуы және іс жүзінде қолданылуы өнеркәсіптің энергетикалық базасын күрт дамытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, қуаты Вт-тың шағын бөлігінен ондаған МВт-қа жететін синхронды электр қозғалтқыш пен асинхронды электр қозғалтқыш тіршіліктің барлық дерлік саласында кең қолданыс табуда. 20 ғасырдың 1-жартысында жылу қозғалтқышының жаңа түрлері – газ турбиналық қозғалтқыш, реактивті қозғалтқыш, ядролық қозғалтқыш (қозғалтқыш Ядролық күш қондырғысы) жасалды. Қазіргі таңда авиация қозғалтқышының көпшілігін газ турбиналық қозғалтқыш құрайды. Ол сонымен бірге локомотивте (газ турбиналық тасығыш), автомобильде қолданылады.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. “Балалар Энциклопедиясы”, V-том