Бекіре , қызыл балық (лат. Acipenser gueldenstaedtii) – бекіретәрізділер отрядына жататын ірі балық. Қазақстанда Каспий теңізінде, Еділ-Жайық өзендерінде тіршілік ететін 2 түр тармағы бар: кәдімгі бекіре (A.g. gueldenstaedtі) және парсы бекіресі (A.g. persіcus). Олардың дене тұрқы 2 м-ден астам, салмағы 10 – 30 кг, кейде 80 кг-ға жетеді. Бекіренің тұмсығы қысқа, доғал не сүйрік, мұртшалары тұмсығының ұшына жақын, жотасында 5 – 19, бүйірінде 24 – 30, ал бауырында 6 – 14 қырлы сүйектері болады. Бекіренің аталығы 7 – 8, аналығы 9 – 10 жылда жыныстық жағынан жетіледі. 50 жылға дейін тіршілік етеді. Өзенге көктемде шыққандары сол жылы, ал күзде өрістегендері келесі жылы көктемнің аяғы – жаздың бас кезінде өзеннің ағысы қатты, тасты, тығыз қиыршық құмды жерлеріне 0,1 – 1 млн-дай уылдырығын шашады да, теңізге қайтып оралады. Шабақтары ұзындығы 15 – 20 см-ге жеткенде теңізге шығады. Бекіренің шабақтары шаян тәрізділермен, құрттармен, ал ересектері моллюскілермен, балықтармен (бұзаубас, майшабақ, т.б) қоректенеді. Бекіре – еті дәмді, қара уылдырығы өте бағалы кәсіптік балық. Бекіре қортпа, арал бекіресі, шоқыр, сүйрікпен табиғи будан береді. Бекіре санын көбейту үшін шабақтары тоғандар мен питомниктерде қолдан өсіріледі.

Бекіре


Амандық күйі
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Animalia
Жамағаты: Chordata
Табы: Actinopterygii
Сабы: Acipenseriformes
Тұқымдасы: Acipenseridae
Тегі: Acipenser
Түрі: A. gueldenstaedtii
Екі-есімді атауы
Acipenser gueldenstaedtii
Brandt, 1833


[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. “Қазақ Энциклопедиясы”