ЕБЕЛЕК (Ceratocarpus) – алабұта тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Бетпақдалада, Мойынқұмда, Қызылқұмда, ЕсілТобыл, Ертіс өзендері мен Каспий, Арал теңіздері маңында, Зайсанда, Балқаш – Алакөл ойысында, шөл, шөлейт аймақтардағы құм, құмайт, сор топырақты, қиыршық тасты жерлерде өсетін құм Ебелегі (C. Arenarіus) және қалталы Е. (C. Utrіculosus) деген түрлері бар. Олардың биіктігі 3 – 30 см . Сабағы көп бұтақты болғандықтан өсімдік шар тәрізді дөңгелек болып көрінеді. Сабағын қалың түк басқан, оның сұрғылт не сарғыш болатыны соған байланысты. Жапырағы үш-үштен шоқтанып, кезектесіп орналасады. Гүлі дара жынысты, 2 – 5-тен жапырақ қолтығына жиналған. Сәуір – маусым айларында гүлдейді. Жемісі түкті, жоғары жағы сүйірлеу, үстіңгі жағында және бүйірінде қылтықты екі өскіні болады. Жемісі пісіп жетілгенде түбінен үзіледі де, желмен таралады. Ебелекті төрт түлік мал сүйсініп жейді. [1] [2]

Ебелек

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ Энциклопедиясы
  2. «Маңғыстау өсімдіктерінің каталогы», Ақтау, 2006;

“Қазақ Энциклопедиясы”, 5-том