Жер жырту

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Трактормен жер жырту,ЮМЗ-6КЛ

°Жер жыртутопырақты өңдеудің негізгі әдісі. Жер жырту кезінде Жер қыртысын аудару, қопсыту, араластыру, т. б. жұмыстар орындалады. Жерді соқамен жыртады. Соқаның бұрандалы, жартылай бұрандалы, цилиндрлі, қайырмасыз, т. б. түрлері бар. Жер жыртудың үш тәсілі қолданылады:
1) Жер қыртысын аударып жырту. Бұл кезде бұрандалы не цилиндрлі соқамен ені 40 см жер қыртысын 180°-қа аударып жыртады. Бұл әдіс ауыр сазды әрі шымдалған жерлерде көбірек қолданылады. Себебі мұндай жыртудың артынан топырақты қосымша өңдеу қажет;
2) Жер қыртысын айыра жырту. Мұнда жер қыртысы бір-біріне 45 бұрышпен, 135° шамасына аударылады;
3) шолақ түренді соқамен жырту. Бұл әдіспен жерді жыртқанда топырақтың үстіңгі тозаңданған қабатынан түрен мен пышақ 10 см тілген қыртыс қайырманың жәрдемімен қарықтың түбіне түседі де, төм. қабаты үстіне аударылады. Бұл әдіспен жыртылған жердің беті тегіс келеді және жер өңдеудің тырмалау, қопсыту сияқты жұмыс түрлерін жүргізу жеңіл болады. Қыртыс жақсы жентектелуі үшін ылғал топырақ біраз кеуіп, иленбейтін және соқаға жабыспайтын болған кезде жыртады. Жер жырту тереңдгі топырақ қабатының қалыңдығына, егілетін дақылдардың биол. ерекшелігіне, арамшөптің көптігіне, т. б. байланысты. Жер жырту тереңдігі 20 см-ге дейін болса, таяз жер жырту, 20 — 22 см — қалыпты жер жырту, 23 см-ден артық — терең жер жырту деп аталады. Жер жырту мерзімі ауа райына, топырақ құрамына және дақылды егіп-өсіру технологиясының ерекшелігіне байланысты белгіленеді. Жер ерте көктемде, жазда және сүдігер ретінде күзде жыртылады. Жыртылатын қабатты тереңдету үшін топырақ тереңдеткіштер қолданылады. Олар қарықтың түбін 5 см және одан да терең қопсытады. Егер топырақтың қоректік заттарын көбейту керек болса, жер жырту кезінде тыңайтқыштар шашады. [1][2]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы,3 том
  2. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғат қорғау / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5